«Астана – бас қала» атты дөңгелек үстел

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты.

Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды.

Елорда күні - 6 шілде Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі болып табылады. 2018 жылы Астана қаласының елорда мәртебесін алғанына 20 жыл толады.

         Елорданың мерейтойы - республикалық та, халықаралық ауқымдағы да оқиға. Астана - XXI ғасырдағы 20 жыл ішінде бой көтерген жалғыз елорда, ал Қазақстан - екі ғасыр тоғысында жаңа астана салған жалғыз ел.

         Жаңа елорданың дамуы бүкіл Қазақстанды түбегейлі өзгертті, оны экономикалық қуатты және саяси тұрақты мемлекетке, жауапты да беделді халықаралық серіктеске айналдырды.

Бүгінгі елорда - Қазақстандағы барлық оң бастамалар мен өзгерістердің ту ұстары. Астана дамуға серпін берді, республиканың барлық өңірі үшін тартылу орталығы болып табылады.

Жоспар бойынша 2018 жыл бойы өтетін Қазақстан  Республикасы  Астана қаласының 20 жылдығына арналған іс-шаралар басталды.

2017 жылдың 21 желтоқсанында Тілдерді оқыту орталығында  бекітілген жоспар бойынша   тыңдаушылар мен жоғары сынып оқушылар арасында «Астана – бас қала» тақырыбында  дөңгелек үстел өтті. Бұл шараның мақсаты  Елорданың және жалпы Қазақстанның имиджі мен туристік тартымдылығын арттыру. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы - Астананың дамуы үшін қазақстандықтардың бірлігі мен мақтаныш сезімін нығайту.

Дөңгелек үстеліне қатысушыларға  Астана туралы видеобейне ұсынылып, №4 жалпы білім беретін тарих пәнінің мұғалімі Аян Ардақұлы Жанұзақовтың   Қазақстан  астанасының тарихы туралы баяндамасында   қызықты мәліметтер берілді. №1 жалпы орта білім беретін мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ғауһар Зейноллақызы Абдикәрімова жас астана туралы баяндады.

Қатысушылар Қазақстан тарихы туралы  қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде   қойылған сұрақтарға жауап берді.

Тілдерді оқыту орталығы