1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы Қорынан зейнетақы төлемдері зейнеткерлерге тек ай сайын төлене бастады. Бұған дейін олар қаласа үш айда бір рет, қаласа жылына бір рет алуға мүмкіндіктері бар болатын. Осы жаңа өзгерістердің мән-жайын түсіндіріп берсеңіз.

Жауап: Иә, дұрыс айтасыз. Отандық жинақтаушы зейнетақы жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Олар биыл - 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

Соған сәйкес енді зейнетақы Қорынан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға және 1-ші, 2-ші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген адамдарға тек ай сайын төленетін болады. Бұл төлемдер міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен және инвестициялық табыстардан қалыптасады.

Ай сайынғы төлемнің мөлшері зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде белгіленеді.

Ал жылдық сома зейнетақы шотындағы қаржының жалпы сомасын алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне көбейту арқылы анықталады.

Бұл коэффициент – зейнетақы жинақтарының инвестициялық басқаруда болған мерзімін есепке ала отырып, олардың болашақтағы құнын ескеретін көрсеткіш. Жалпы, коэффициенттер кестесі 2003 жылдан бері қолданылып келеді.

Сонымен, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы осы коэффициентке көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Одан шыққан сома – айлық зейнетақы болып табылады.  

Бірақ, қалай болғанда да ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды. 

Биыл ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері: 28 284 теңге.

Ал оның 54 пайызы: 15 273 теңге 36 тиын. 

2. Сонда бір жолғы төлем деген болмай ма? Бұған дейін алушылардың бір алғанда 900 мың теңгедей ақшаны алып келгенін білеміз.  

Жауап: Қазір де бір жолғы төлем бар. Бірақ, оның көлемі бұрынғыдай үлкен емес. Бұрын оның көлемі ең төмен зейнетақының 30 еселенген мөлшерінен аспайтын (2017 жылы: 937 350 теңге). Яғни, егер жеке зейнетақы шотындағы жинақтардың жалпы сомасы ең төмен зейнетақының 30 еселенген мөлшерінен аспаса, алушы бұл соманы толығымен ала алатын.

Ал қазір, зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сомаалушыға бір рет толығымен төленеді.

Биыл ең төмен зейнетақы көлемі: 33 745 теңге.

Сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері: 404 940 теңге.

Егер зейнетақы жинақтарының көлемі бұл сомадан асып кетсе, зейнетақы тек ай сайын төленетін болады.

Сонымен қатар, егер зейнетақы шотындағы жинақтардың қалдық сомасы ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болса, ол кезекті төлемнің сомасына қосылып төленеді. 

3. Күні бүгінге дейін зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасын жылына бір рет немесе оны төртке бөліп, үш ай сайын алып келгендер де енді зейнетақыларын тек ай сайын алатын бола ма?

Жауап: Жоқ, зейнетақы төлемдерін 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін рәсімдеген зейнеткерлер зейнетақы төлемдерінің мерзімділігін (ай сайын, үш ай сайын, жыл сайын) сақтауға және өзгертуге құқылы. Яғни, жаңа өзгерістер зейнетақы төлемдерін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап рәсімдейтін азаматтарға ғана тиесілі. 

Бұл ретте 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнеткерлік жасқа толған, бірақ өз уақытында зейнетақы төлемдерін рәсімдемеген азаматтар, зейнетақы төлемдерін тек ай сайын алу мүмкіндігіне ие.             

4. Бұл өзгерістерді енгізудің себебі неде?

Жауап: Зейнетақы Қорындағы зейнетақы жинақтарын бір жолғы төлем ретінде беру қағидасын жою «Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында» жоспарланған болатын. Бұл Тұжырымдама 2014 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген.

Яғни, бұл аяқ астынан қабылданған шешім емес.

Кейін, Тұжырымдаманың бұл нормалары 2015 жылы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның  ережелеріне және биыл қыркүйек айында Зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларына енгізілді.

Зейнетақы төлемдері бірінші кезекте зейнеткердің күнделікті тіршілігін, лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге арналған. Оның ай сайын төленуі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. 

Ал бізден төленетін зейнетақы төлемдері өкінішке қарай өзінің негізгі қызметін жоғалтып алды. Өйткені, зейнеткерлік жасқа толған салымшылардың басым көпшілігі күні бүгінге дейін зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасын алып келді. Сөйтіп, келесі жылға дейін тек бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерін ғана алып келді және балаларының қолына қарап қалатын. 

Сондықтан зейнетақы төлемдерінің негізгі қызметін қалпына келтіру үшін осындай өзгерістер енгізіліп отыр. Зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы басты міндет - оны нығайту және зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру. 

Келешекте ортақ зейнетақы мөлшері біртіндеп азайып, кейін мүлдем тоқтатылатындықтан, мұндай төлемдердің салымшы үшін ай сайын маңызды табыс көзіне айналатындығы сөзсіз. Ал ай сайынғы төлемдердің мөлшері қандай болатындығы жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының көлеміне, оған зейнетақы жарналарының қомақты түрде тұрақты аударылып отыруына тікелей байланысты. Яғни, міндетті зейнетқы жарналарын тұрақты және қомақты мөлшерде зейнетақы Қорына аударып тұру – болашақта қамсыз өмір сүрудің бірден-бір кепілі болмақ.

5. Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін қандай құжаттар керек?

Жауап: Зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған азаматтар Қордың жергілікті бөлімшесіне жүгіне алады. Зейнетақы төлемдері өтініш берілген күннен бастап белгіленеді және зейнетақы жинақтары таусылғанша төленеді. Құжаттар топтамасы ұсынылған соң зейнетақы төлемдері 10 жұмыс күні ішінде алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударылады. Қажетті құжаттардың тізбесі, оларды Қорға ұсыну тәсіліне қарай (Қорға өзі келгенде/пошта байланысы/үшінші тұлға арқылы жүгінгенде), Қордың www.enpf.kzресми сайтында орналастырылған. Қажет жағдайда Қордың байланыс орталығының 1418 телефонына хабарласып, ақыл-кеңес алуға болады.

6. Қазір зейнеткерлер өздеріне тиесілі зейнетақы жинақтарының жылдық сомасын тұрақты пайыздық сыйақы алу мақсатында банк депозитіне салу мүмкіндігіне ие. Ал 2018 жылдан бастап олар бұл мүмкіндіктен айрылады. Сонда зейнетақы жинақтарының табыстылығы қалай болады, олар құнсызданып кетпей ме?

Қазіргі таңда зейнеткерлердің басым бөлігі БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін белгіленген кесте бойынша жылына бір рет, яғни «жыл сайынғы» кесте бойынша алады. Ал «ай сайын» және «тоқсан сайын» алу мүмкіндігін пайдаланғылары келмейді. Сәйкесінше алушылар БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін зейнетақы ретінде емес, жәй жинақталған сома ретінде қабылдайды. Сөйтеді де жылдық соманы алып, оны балалары мен немерелерінің оқуларына, той-томалаққа және әр түрлі сатып алуларға жұмсайды.  

Тек кейбір зейнеткерлер ғана бұл соманы ай сайын немесе жыл сайын пайыздық сыйақы алып тұру үшін депозитке салады. Дейтұрғанмен, депозит бойынша сыйақы ретінде есептелген пайыздар, күнделікті қажеттілік үшін жоғары табыс әкеле қояры неғайбыл. Ал БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары тұрақты түрде инвестицияланады және табыс әкеледі. Заңға сәйкес БЖЗҚ зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сенімгерлікпен басқарады.

ҚР Ұлттық Банкінің инвестициялық стратегиясы зейнетақы активтерін әртараптандыруға бағытталған. Қазіргі таңда зейнетақы активтері ұзақ мерзімді келешекте тұрақты табыс алу және тәуекелдерді төмендету мақсатында теңге және шетелдік валютада номинирленген әр түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады.

Қазіргі таңда зейнетақы активтері мемлекеттік құнды қағаздарға, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигациялары мен акцияларына инвестицияланған. Сонымен қатар екінші деңгейдегі отандық банктер мен шетелдік банктердің депозиттеріне салынады және сенімді шетелдік эмитенттердің қаржы құралдарын сатып алуға жұмсалады. Инвестициялық басқару нәтижесінде инвестициялық табысқа қол жеткізіледі және ол салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына күн сайын есептеліп отырады. Басқа сөзбен айтқанда, зейнетақы шотынан зейнетақы төлемдері төлене бастаса да, шотта қалған қаражат инвестицияланып, оларғатабыс түсіп отырады.

«Қазақстанда зейнетақымен қамзсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет зейнеткерлік жасқа толған алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi.

7. Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құны коэффициентінің шамасы қалай белгіленеді? Мысалдар келтіре отырып, түсіндіріп берсеңіз екен.   
Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенттер кестесі ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген және жинақтаушы зейнетақыны есептеу үшін 2003 жылдан бері қолданылып келеді. Коэффициенттер кестесі зейнеткерлер өмірінің орташа күтілген ұзақтығын ескере отырып, зейнетақы жинақтарын тиісті жылдарға үлестіруге мүмкіндік береді. Енді зейнетақы жинақтарының кесте бойынша қалай төленетіндігін мысал арқылы көрсетейік.  Зейнеткерлік жасқа толған азаматтың зейнетақы жинақтарының сомасы 4 000 000 теңге болсын делік. Бекітілген әдістемеге сәйкес, 63 жаста зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті - 0,10467. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасын осы коэффициентке көбейтеміз – 418 680 теңге болады. Бұл соманыы 12-ге бөлеміз – 34 890 теңге шығады. Осы сома БЖЗҚ-дан алғашқы жылы ай сайын алынатын сома болып табылады. Бұдан кейінгі жылдары төлемдер тиісті жастағы коэффициенттер негізінде анықталады.

Бұл ретте 2018 жылы құрметті демалысқа шығатын азаматтардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілдері бар. Сәйкесінше олар ортақ зейнетқы да алады. Одан басқа, базалық зейнетақы төленеді. Ол 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептелетін болады.  

Мысал: Зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 20 жылдық еңбек өтілі бар делік. Бұл еңбек кітапшасындағы жазбалармен расталады. 1998 жылдан кейін 13 жылдық еңбек өтілі бар делік. Бұл міндетті зейнетақы жарналарының төленгенімен  және Мемлекеттік корпорацияның Бірыңғай есепке алу орталығымен расталады (бұрынғы зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталық).    

Бұл жағдайда базалық зейнетақыны тағайындау үшін жиынтық еңбек өтілі 33 жылды құрайды (20 жылдық еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 13 жыл). Демек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап оның базалық зейнетақысының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайтын болады.

 
8. Ерікті зейнетақы жарналарын кім және қашан ала алады?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 33-бабына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында  зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған адамдар ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқылы.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, құжаттар топтамасы ұсынылған соң БЖЗҚ белгіленген мерзімде зейнетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асырады (ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша ережеге сәйкес 10 жұмыс күні белгіленген, бірақ іс жүзінде бұл бар болғаны 3-4 күнді алады).

Қажетті құжаттардың маңызды тізбесі, оларды БЖЗҚ-ға ұсыну тәсіліне қарай (Қорға өзі келгенде/пошта байланысы/үшінші тұлға арқылы жүгінгенде), сондай-ақ төлем валютасының түріне қарай өтініш бланкілері мен оларды толтыру үлгілері, сенімхат үлгілері www.enpf.kzмекенжайы бойынша БЖЗҚ веб-сайтында орналастырылған.

БЖЗҚ кеңсесіне өзі келгенде алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі мен салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы және алушының банктік шоты туралы мәліметтер қажет.   

Сенім білдірілген тұлға немесе қамқоршы арқылы жүгінгенде:

1) алушының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;

2) нотариат куәландырған сенімхат немесе оның нотариат куәландырған көшірмесі/заңды өкілдің куәлігі/заңды өкілді тағайындау туралы анықтама;

3) сенім білдірілген тұлғаның/заңды өкілдің  жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы;

4) алушының банктік шоты туралы мәліметтер.

Пошта байланысы арқылы жүгінгенде: БЖЗҚ белгіленген нысандағы алушы өздігінен толтыратын зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш (өтініш бланкісінің өзекті нысаны  - №3 қосымша, БЖЗҚ web-сайтындаорналастырылған), бұл ретте алушының зейнетақы төлемін тағайындау туралы өтініштегі қолын нотариат куәландырады (егер нотариаттық куәландыру тұрғылықты мемлекетте жасалса); 

2) алушының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;

3) БЖЗҚ белгіленген нысанға сәйкес зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі мен талаптары туралы қосымша келісімді алушының өзі 2 нұсқада толтырады және қол қояды (келісім бланкісінің өзекті нысаны «БЖЗҚ» АҚ web-сайтында орналастырылған);

4) алушының банктік шоты туралы мәлімет.

Ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, сондай-ақ зейнетақы төлемдерiн төлеу тәртiбi ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келiсуi бойынша белгiленедi.

9. Базалық зейнетақыны есептеу механизмі қашан және қалай өзгереді?

Иә, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы төлемдерін есептеудің жаңа әдістемесі қолданылады. Яғни, базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді.

Мұнда базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі, сондай-ақ зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Еңбек өтілі еңбек кітапшасындағы жазбалармен расталады.

Егер зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды.

Ал бұған дейін базалық зейнетақы зейнеткерлікке шыққан шыққан әрбір азаматқа еңбек өтілі мен айлық табысы және зейнетақы жинағының көлеміне қарамастан өмір бойына бірдей мөлшерде тағайындалып келді.

Биыл базалық зейнетақының көлемі 15 274 теңгені құрайды (ең төмен күнкөріс деңгейінен сәл жоғары) және ол жыл сайын ұлғайып отырады.

Ал ортақ зейнетақыға қатысты айтар болсақ, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі жоқ немесе ол алты айдан төмен болған азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Яғни, 1980-1982 жылдардан кейін туған азаматтарға 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі бойынша ортақ зейнетақы төленбейді деген сөз.     

Дегенмен, бұл азаматтар мемлекеттік базалық зейнетақы ала алады.

Біртіндеп ортақ құрамдауыш келмеске кетеді, сәйкесінше 2030 жылға дейін және одан кейін жинақтаушы құрамдауыштың үлесі біртіндеп арта түседі.

10.  2018 жылдың қаңтар айынан бастап, ай сайынғы төлемдерді есептеу әдістемесінің өзгеретіндігін естідім. Осыны түсіндіріп берсеңіз екен.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылады. БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері Үкімет Қаулысымен бекітілген, Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде айқындалады. Әдістеме бойынша зейнетақы жинақтарының сомасын, алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті ескеріледі. Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті – зейнетақы жинақтарының инвестициялық басқаруда болған мерзімін есепке ала отырып олардың болашақтағы құнын ескеретін көрсеткіш. Зейнетақы төлемдерін алушының жасына қарай оның зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп 12-ге бөлінеді. Одан шығатын сома зейнетақы Қорынан жүзеге асырылатын ай сайынғы төлем болып табылады. Бірақ, ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды.

Егер Қорға жүгінген күні зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған болса, оларды толығымен алуға мүмкіндік бар екендігін тағы да еске саламыз. 2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 = 404 940 теңгені құрайды. Егер зейнетақы жинақтары бұл сомадан артық болса, онда тек ай сайын төленеді.

11. Зейнетақы жинақтарын зейнетақы Қорынан мерзімінен бұрын алуға бола ма?
ҚР «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындайтын жағдайлар нақты белгіленген. Зейнетақы жинақтарын біріншіден - зейнеткерлік жасқа толғанда, екіншіден – 1,2 топтардағы мүгедектігі бар адамдардың мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленгенде, үшінші -  Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда ала алады. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 59-бабының 1-тармағына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары ай сайын ең төмен зейнетақы мөлшерiненкем емес төлемдi қамтамасыз етуге жеткілікті болған жағдайда 55 жасқа толған ерлер, 50 жасқа толған әйелдер өздерінің мiндеттi зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып, өздері таңдаған сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы.  Бұл ретте әйелдер үшін зейнетақы аннуитетін жасау мерзімі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жыл сайын 6 айғаөсіп отырады. Яғни, зейнетақы аннуитетін жасау 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 50,5 жасқа, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51 жасқа, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51,5 жасқа, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52 жасқа, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52,5 жасқа, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53 жасқа, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53,5 жасқа, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54 жасқа, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54,5 жасқа және 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 55 жасқа толғанда жүргізіледі. Заңда зейнетақы жинақтарын басқалай жолмен алу жағы қарастырылмаған. Бұл өте өзекті мәселе.

Зейнетақы төлемдері зейнеткердің лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге арналған. Сондықтан зейнетақы жарналарын ерте бастан қомақты көлемде зейнетақы Қорына аударған сайын, болашақта алар зейнетақы төлемдерінің мөлшері де арта түседі.  Ал егер адамдар зейнетақы жарналарын аудармай, жалақыларын «конвертпен» алатын болса болашақта алатын зейнетақы төлемдерінңң мөлшері де мардымсыз болады.  

Тағы да еске сала кетелік, жыл сайын инфляция деңгейі ескеріле отырып, ең төмен күнкөріс деңгейі, ең төмен зейнетақы және басқа да есептік көрсеткіштер қайта есептеліп отырады. Ал бұл ортақ және базалық зейнетақының мөлшеріне әсер етеді. 

12.  Сонда бір жолғы төлем деген болмай ма? Бұған дейін алушылардың бір алғанда 900 мың теңгедей ақшаны алып келгенін білеміз.  

Жауап: Қазір де бір жолғы төлем бар. Бірақ, оның көлемі бұрынғыдай үлкен емес. Бұрын оның көлемі ең төмен зейнетақының 30 еселенген мөлшерінен аспайтын (2017 жылы: 937 350 теңге). Яғни, егер жеке зейнетақы шотындағы жинақтардың жалпы сомасы ең төмен зейнетақының 30 еселенген мөлшерінен аспаса, алушы бұл соманы толығымен ала алатын.

Ал қазір, зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сомаалушыға бір рет толығымен төленеді.

Биыл ең төмен зейнетақы көлемі: 33 745 теңге.

Сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері: 404 940 теңге.

Егер зейнетақы жинақтарының көлемі бұл сомадан асып кетсе, зейнетақы тек ай сайын төленетін болады.

Сонымен қатар, егер зейнетақы шотындағы жинақтардың қалдық сомасы ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болса, ол кезекті төлемнің сомасына қосылып төленеді. 

13. Зейнетақы жинақтарын алу барысында түпкілікті сомаға қандай салық салынады?

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 158, 160 және 170 - бабына сәйкес БЖЗҚ-дан төленетiн зейнетақы төлемдерi төлем көзінен жеке табыс салығы салынатын табысқа жатады. Зейнетақы төлемдерін алушыдан Салық кодексінде қарастырылған түзетулер мен салық шегерімдерін ескере отырып, 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы салынады. Жеке табыс салығы зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғалардан салық шегерімі қолданылған соң барып зейнетақы төлемдерінен ұсталады. Салық заңнамасына сәйкес жеке табыс салығы салынбайтын, ең төмен жалақы мөлшеріндегі салық шегерімі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген. Ол әрбір табыс есептелген айда қолданылады.  

Кіріс түзетулері қолданылмайтын адамдар үшін жеке табыс салығы салынбайтын салық шегерімінің сомасы ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 12 еселенген мөлшеріне тең. Басқа сөзбен айтқанда, биыл ең төмен жалақы мөлшері 24 459 теңгені құрайды. Сәйкесінше жеке табыс салығы салынбайтын жылдық сома 293 508 теңгені құрайды деген сөз (12 x 24 459). Мысалы, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы 937 350 теңгені құрайтын болса, бұл сомадан 293 508 теңгені алып тастаймыз, сонда 643 842 теңге қалады. Мінеки, осы 643 842 теңгеге жеке табыс салығы салынады. 

БЖЗҚ кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдеріне өткен жағдайда да республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және табысты есептеу күніне қарай қолданыста болған бір ең төмен жалақы мөлшерінде салық шегерімі қолданылады. Сәйкесінше егер кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің сомасы ең төмен жалақыдан аз болатын болса, онда зейнетақы төлеміне жеке табыс салығы салынбайды

14. Зейнетақы Қорындағы зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына қалай аударуға болады?

Жауап:Жалпы, аннуитет дегеніміз – тұрақты түрде белгілі бір уақыт кезеңінде бірдей мөлшерде төленіп отыратын ақшалай төлемдер. Әрине Сіздің сұрағыңыз зейнетақы аннуитеті шартына қатысты болып отыр. Зейнетақы аннуитетi шарты дегеніміз - сақтанушы (зейнетақы төлемдерiн алушы) соған сәйкес сақтандыру ұйымына зейнетақы жинақтарының сомасын беруге мiндеттенетін, ал сақтандыру ұйымы сақтанушының (зейнетақы төлемдерiн алушының) пайдасына өмiр бойы немесе белгiлi бiр уақыт кезеңi iшiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға мiндеттенетін сақтандыру шарты.

Сонымен қатар, заң аясында БЖЗҚ салымшылары мен алушыларына сақтандыру ұйымдарымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу құқығы берілген. Яғни, ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 59-бабының 1-тармағына сәйкес: 55 жасқа толған ерлер, 50 жасқа толған әйелдер, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар өздері таңдаған сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы алып тұру үшін зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы. Бірақ, бұл үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарының сомасы ай сайынғы ең төмен зейнетақы мөлшерiненкем емес төлемдi қамтамасыз етуге жеткілікті болуы қажет. Қазіргі таңда бұл сома ерлер үшін орта есеппен – 9 млн. теңге, ал әйелдер үшін – 12 млн. теңгені құрайды. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының сомасына қатысты сақтандыру ұйымдарының талаптары әрқалай. Сондықтан, нақты соманы өзіңіз таңдаған сақтандыру компаниясынан біле аласыз.

Бұдан басқа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар, өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде күнтізбелік 60 ай төленген, елу жасқа толған адамдардың сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитетi шартын жасасу арқылы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен өмір бойына ай сайын сақтандыру төлемдерiн алуға құқылы. Бірақ, олардың да шоттарындағы зейнетақы жинақтары ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес ай сайынғы төлемді қамтамасыз етуге жеткілікті болуы керек.   

Бұл ретте мына жәйтті ескере кеткен жөн, әйелдер үшін зейнетақы аннуитетін жасау мерзімі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жыл сайын 6 айғаөсіп отырады. Яғни, зейнетақы аннуитетін жасау:

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 50,5 жасқа;

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51 жасқа;

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51,5 жасқа;

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52 жасқа;

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52,5 жасқа;

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53 жасқа;

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53,5 жасқа;

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54 жасқа;

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54,5 жасқа;

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 55 жасқа толғанда жүргізіледі.

Міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болған жағдайда, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары пайдаланылуы мүмкін.